Ж.С.Кайнбаеваның аралығында Курукшетра (Үндістан) университетіне барған іссапарының есебі

Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының меңгерушісі Ж.С.Кайнбаеваның 19.02.-25.02.2017 аралығында Курукшетра (Үндістан) университетіне барған іссапарының есебі

19 ақпан 12.30-да Алматы қаласына ұшып шығып, жалдамалы пәтерге тоқтадық. 20 ақпан таңғы 7.50-де Дели қаласына ұштық. 11.30-да Дели аэропортынан Курукшетра университетінің бейнелеу өнері департаментінің төрағасы Рам Виранжан қарсы алды. Содан соң Курукшетра қаласына дейін таксимен жетіп, 17.00-де университеттің ұлтаралық қонақ үйіне орналастық.

17.30-да университет басшылығы – Курукшетра университетінің вице-канцлері, профессор Кайлаш Чандрамен және өнер департаменті профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерімен ресми таныстыру болды. Кездесу барысында вице-канцлер өзі басшылық етіп отырған оқу орнында Қазақстан мен Үндістан суретшілерінің интернационалды шеберлік кластарын өткізгендеріне және қонақ ретінде қабылдағанына ризашылығын білдірді. Шараның ресми ашылу бөлімінен кейін Курукшетра университетінің басшылығымен естелік фотоға түстік.

Келесі күні, 21 ақпан 9.00-де үнділік әріптестермен бірге көрме павильонында жұмыс жасадық. Шеберлік класына 10 суретші қатысты, оның үшеуі Қазақстандық, жетеуі Үндістаннан болды.

Департамент оқытушылары мен студенттері үшін есік ашық болды. Шығармашылық жұмыспен айналысуға барлық жағдай жасалды (жұмыс жасауға қажетті құралдар: мольберттер, кенеп, майлы бояу т.с.с.).

Шеберлік класында жазған туындым ұлттық колоритте 80х100 өлшемдегі кенепке акрил бояуымен салынды.

22 ақпан күні 9.00-де ұлтаралық шеберлік класы басталар алдында профессор Рам Виранжан Курукшетра университетінің өнер департаментінің офорт графикасы, ксилогравюра, мүсін, кескіндеме шеберханаларын көрсетіп, шеберханларда қызмет ететін шеберлермен таныстырды.

Графика, ксилогравюра шеберханалары

Мүсін шеберханасы

Кескіндеме шеберханасы

Дәрісханалар мен шеберханалардың ауқымы өте кең, шамамен 120 м2 бір бөлме, шығармашылық атмосфера суретшінің шабытын асқақтатады. Студенттер шығармашылық тұрғыда жұмыстар жазады, неше түрлі мүсіндер жасап, графикамен айналысады. Материалдармен (кенеп, бояулар, қылқалам, қағаз, саз балшық, ағаш, т.б. құралдар) университет қамтамасыз етеді.

Шеберханаларға саяхат жасағаннан кейін шығармамызды жалғастырып жаздық және осы тәртіп университет басшылығымен ақпанның 24-іне дейін сақталды.

12.00-де кафедрамыздың слайдпен әзірленген презентациясын студенттер мен оқытушыларға көрсеттік. Университетіміз туралы, бейнелеу өнері және дизайн кафедрасының мамандар даярлау бағыттары туралы әңгімеледік. Презентация ағылшын тілінде әзірленді. Сонымен қатар, кафедра оқытушылары мен студенттерінің шығармашылық жұмыстарының электронды көрмесін назарларына ұсындық.

23 ақпанда бізді сағат 13-тер шамасында Үндістанның солтүстігінде Дели мен Курукшетра қалаларына жақын орналасқан, бірден екі штаттың – Пенджаб пен Харьянның астанасы болып саналатын Чандигарх қаласына апарды. Ол жерде адам қолымен жасалған «Рок Гарден» саябағын тамашаладық. Саябақтағы әсем қолөнер туындылары саяхатшыларға жаңа серпін беріп, қиялына қанат бітіреді.

Аркалық аймақ

Қолда бар материалдардан жасалған (әйел браслеты) адам мүсіндері әдемі және тартымды, қызықты композициядан көзіңді ала алмайсың. Ашық аспан астындағы үнді суретшілерінің туындыларынан тұратын бұл саябақты ұзақ уақыт тамашалауға болады.

 

Фигурки

Керамика, кафель және әйнек сынықтарынан құрылған мүсіндер композициясы ерекше, қолмен ұстап көргің келеді. Фигуралар көрерменнен қашықта, биіктеу жерде орналасқандықтан мұндай мүмкіндік болмады.

Саз балшықтан жасалған билеп жатқан адамдар фигуралары құдды бір саяхатшылардың келгеніне қуанып тұрғандай. Саябақ отбасымен серуендеушілер мен табиғатты тамашалаған қонақтарға лық толы. Бұл жерде сарқырамалар, су қоймалары, кішігірім лабиринттер де бар. Біздің елімізде де осыған ұқсас демалыс орындары болса ғой.

Кафель сынықтарынан құрастырылып әшекейленген амфитеатр

Спортшылар фигуралары (тас, саз балшық, кафель)

23 ақпанда 18.00-де ұлтаралық шеберлік класының жабылуы болды. Суретшілер осы уақыт ішінде орындаған жұмыстарымен қатар басқа да шығармашылық туындыларынан көрме ұйымдастырды. Қатысушыларға сертификаттар салтанатты табыс етіліп, естелік суретке түстік.

24 ақпан сағат 12.30-да Делиден ұшып шығып, Алматыға 16.40-та жерге қондық. Сол күні Алматыда болып, 25 ақпан 12.05-те Оралға ұшақпен ұшып, 14.25-те болдық.

Үндістан мен Қазақстан суретшілерінің арасында өткен ұлтаралық шеберлік класы жылдың маңызды оқиғасы болды. Сонымен бірге университетіміздің де үлкен оқиғасы болды деп есептеймін. Өзі құрылған 40 жыл ішінде кафедрамызда халықаралық деңгей мен масштабта өткен іссапар алғаш болып тұр. Суретшілер шеберлік тәжірибелерімен алмасып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытып, қазіргі заманның үлкен өнер әлемін ашқан кәсіби мектеп болды. Өзім үшін Үндістандағы әріптестерімнен алған ұмытылмас кәсіби шеберлік тәжірибесі болды деп айтқым келеді.


Басып шығару